3. Ағымдағы ахуалды талдау
Қазақстанның еңбек нарығында соңғы 10 жылда оң серпін байқалады. 2007 жылмен салыстырғанда жұмыс күші санының 9,7 %-ға өсуімен бірге жалдамалы жұмыскерлердің де саны 1,7 млн. адамға артты, жұмыссыздардың саны 155 мың адамға және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың саны 558 мың адамға төмендеді.
Жас жұмыс күшінің 9 %-ға азайғаны байқалады, бұл шамамен 209,6 мың адам.
2010 – 2017 жылдар аралығындағы кезеңде жастардың экономикалық белсенділігі айтарлықтай жоғары деңгейде (44 %), алайда ЭЫДҰ елдері үшін орташа көрсеткіш 47 %-дан аз.
2018 жылдың қорытындысы бойынша елде 15-тен 28 жасқа дейінгі жастағы жастардың экономикалық белсенді бөлігі (жұмыс күші) 2 087,6 мың адам, оның ішінде 2 007,9 мың адам (96 %-ы) жұмыспен қамтылғандар, оның 1 536,6 мыңы немесе 76,5 %-ы жалдамалы жұмыскерлер, 471,3 мыңы (23,5 %) өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.
Республика бойынша жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,9 %-ды құраса, жастар жұмыссыздығы 3,8 %-ды немесе 79,7 мың адамды құрады.
ЖЖК 2020 бағдарламасы қолданыста болған уақытта 770 мың азаматқа мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді. Нәтижесінде 580 мың адам тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылды.
Соңғы жылдары жұмыссыздық деңгейі 2015 жылғы 5,1 %-дан 2016 жылы 5,0 %-ға және 2017 жылы 4,9 %-ға дейін төмендеді. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2015 жылғы 4,2 %-дан, 2016, 2017 жылдары 3,8 %-ға дейін төмендеген.
Сонымен қатар, еңбек нарығына да, одан әрі экономикалық өсуге де әсер ететін мынадай жүйелі проблемалар сақталуда:
1) еңбек ресурстары сапасының еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес келмеуі.
Егер 2015 – 2017 жылдары жоғары және аяқталмаған жоғары білімі бар жұмыс күшінің үлесі 38 %-ды құраса, онда техникалық және кәсіптік білімі бар жұмыс күшінің үлесі 2015 жылғы 38 %-дан 2016 жылы 41 %-ға дейін, 2017 жылы 42 %-ға дейін өскен.
Бұл ретте 2015 жылғы 24 %-дан 2016 жылы 22,6 %-ға дейін төмендегеніне қарамастан негізгі, орта, жалпы және бастауыш білімі бар еңбек ресурстарының үлесі жоғары болып отыр.
Қазіргі уақытта білім беру жүйесі еңбек нарығы үшін жастарды даярлаудың жеткілікті деңгейін қамтамасыз етпейді.
Мәселен, 2017 жылы мектептердің 11-сыныбын 127 мың адам бітірген, оның 22 мыңы (18 %-ы) колледждерге түскен, 77 мыңы (60 %-ы) ЖОО-ларға түскен, 4 мыңы (3 %-ы) шетелге кеткен. 11-сыныптардың түлектері арасында 24 мың адам (19 %-ы) оқуларын жалғастырмай, біліктіліксіз қалды.
2017 жылы ТжКБ-ны 147 мың адам бітірген, оның 14 мыңы (10 %-ы) ЖОО-ларда оқуларын жалғастыруда, 90 мыңы (61 %-ы) оқу бітірген жылы жұмысқа орналасқан, ал 43 мыңы (29 %-ы) оқуларын жалғастырмаған және жұмысқа орналаспаған. Бастапқыда оқуға түскен 16 мың адам оқуларын аяқтамай, оқудан шығып қалған, яғни біліктіліксіз қалған.
2017 жылы ЖОО-ларадың бакалавр бағдарламалары түлектерінің саны 127 мың адамды құрады, оның 16 мыңы (12 %-ы) магистратурада және аспирантурада оқуларын жалғастыруда, 88 мыңы (69 %-ы) оқу бітірген жылы жұмысқа орналасқан, ал 23 мыңы (18 %-ы) оқуларын жалғастырмаған және жұмысқа орналаспаған. Сондай-ақ бастапқыда оқуға түскен 12 мың адам оқуларын аяқтамай, оқудан шығып қалған, яғни біліктіліксіз қалған.
2017 – 2018 оқу жылының басында оқудан шығып қалған студенттердің 20 %-ы қаржылық қиындықтарға байланысты оқуларын аяқтамаса, ал 19 %-ы оқу үлгерімі нашарлығы себебі бойынша немесе оқу тәртібін бұзғаны үшін (7 %), ішкі тәртіп қағидаларын және оқу орнының жарғысын бұзғаны үшін (12 %) оқуларын аяқтамаған. Студенттердің 39 %-ы белгісіз себептермен (өз қалауы бойынша немесе басқа себептермен) оқудан шығарылған.
Осылайша 2017 жылдың қорытындысы бойынша ғана жалпы алғанда 52 мың жастар біліктіліксіз қалған, ал ТжКБ мен ЖОО-лардың 66 мың түлегі оқу бітірген жылы жұмысқа орналаспаған.
Бұл ретте еңбек ресурстары біліктілігінің еңбек нарығы қажеттіліктеріне сәйкес келмеуінен жыл сайын жұмыс берушілер мәлімдеген 20 мыңға жуық бос жұмыс орнына ешкім орналаспайды.
Ел кәсіпорындарына ұлттық сарапшылар жүргізген сауалнамалар кадрларға қажеттіліктің 73%-ға жуығы техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарға тиесілі екенін көрсетті.
Болжамды бағалауға сәйкес 2025 жылға қарай 15-тен 24 жасқа дейінгі жастағы еңбекке қабілетті жастардың саны 446 мың адамға 2017 жылғы 2 399 адамнан 2 845 мың адамға дейін өседі деп күтілуде. Осы жастардың еңбек нарығына сәтті интеграциялануы үшін оларға қазірден бастап өзекті, сапалы білім беру қажет және сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз ету қажет.
Білім беру жүйесінен жыл сайын еңбек нарығына шығатын 15-тен 24 жасқа дейінгі жастағы жастардың саны 2025 жылға дейін орташа есеппен 3 %-ға өсетін болады. Ал 2025 – 2030 жылдар аралығындағы кезеңде 2000 жылдың соңына қарай көптеп туу кезеңінде дүниеге келген балалардың өсуі әсерінен жылына 5 %-ға дейін тез өседі деп күтілуде.
Осыған байланысты жастардың алғашқы жұмысшы кәсібін тегін игеруге қолжетімділігін қамтамасыз ету, жұмыс берушілермен әріптестікте, әсіресе NEET санатындағы жастар үшін жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, мансаптық консультациялар беру және еңбек қызметінің ерте кезеңдерінде дамыту, сондай-ақ еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы біліктіліктер санаттары бойынша ересек тұрғындарды қайта даярлау және олардың дағдыларын арттыру қажет.
2) Нәтижесіз жұмыспен қамтылу.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындардың саны 2015 жылғы 2,3 млн. адамнан (жұмыспен қамтылған халықтың 27 %) 2017 жылы 2,1 млн. адамға (24,5 %) дейін қысқарды. Қызметін тіркемей жүзеге асыратын немесе табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған тұрғындардың саны соңғы үш жылда 66 %-ға – 2015 жылғы 330,9 мың адамнан 2016 жылы 301,2 мың адамға дейін және 2017 жылы 217,7 адамға дейін қысқарды.
2017 жылы өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандардың жоғары үлесі негізінен ауыл шаруашылығында шоғырланған (58 %), мұнда еңбек өнімділігінің ең төмен деңгейі байқалады (жан басына шаққанда 1402 мың теңге). Халықтың табыс деңгейі экономика салаларындағы еңбек өнімділігінің деңгейімен тікелей байланысты.
Білім мен кәсіптік дағдылардың жеткіліксіздігі едәуір өнімді әрі табысты жұмыс орындарына қолжетімділікті шектейді. Нәтижесіз жұмыспен қамтылғандардың 49,1 %-ында тек негізгі, орта, жалпы және бастауыш білімдері бар.
Нәтижесіз жұмыспен қамтылған халықты өнімді экономикалық қызметке тарту экономикалық белсенділіктің өсуіне және олардың табыстарының артуына ықпал етеді.
3) Өңірлік диспропорция мен демографиялық теңгерімсіздік.
2015 жылы солтүстік өңірлер тұрғындарының саны 2 946 мың адамды құраса, ал 2017 жылы – 2 934 мың адамды құраған, яғни 12 мың адамға қысқарған. Ал оңтүстік өңірлерде халықтың саны 186 мың адамға – 2015 жылғы 6 564 мың адамнан 2017 жылғы 6 750 мың адамға дейін өскен. Бұл ретте 2017 жылы солтүстік өңірлердің барлық тұрғындарымен салыстырғанда 15 жастан кіші тұрғындардың үлесі орта есеппен 19 %-ды, ал оңтүстік өңірлерде орта есеппен 34 %-ды құраған.
Ұлттық сарапшылар жүргізген болжамды бағалауға сәйкес еліміздегі тұрғындардың саны 2050 жылға қарай 24,5 млн. адамды құрайды. Бұл ретте ағымдағы үрдістер сақталғанда солтүстік өңірлердің тұрғындары 0,9 млн. адамға азайып, ал оңтүстік өңірлердегі тұрғындардың саны 5,3 млн. адамға өседі деп күтілуде. Оңтүстік өңірлерде халықтың орналасу тығыздығы солтүстіктен 4 есеге артық болады.
Сондықтан жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге азаматтардың ерікті түрде қоныс аударуына жәрдемдесу арқылы еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығын ынталандыру бойынша шаралар қабылдаған орынды.
4) Экономиканың жеке секторында өнімді жұмыс орындарының жеткіліксіз түрде генерациялануы.
Жұмыспен қамтуда мемлекеттік сектордың (мемлекеттік меншік үлесі 50%-дан артық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың) үлесі 2015 – 2017 жылдары жұмыспен қамтылған халықтың орта есеппен 25,4 %-ын құрады. Аталған көрсеткіш ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда жоғары көрсеткіштердің бірі болып табылады, мұнда халықты жұмыспен қамту құрылымындағы мемлекеттік сектор үлесінің орташа мәні 18 %-ды құрайды.
ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда жұмыспен қамтамасыз етуде ШОБ-тың үлесі жеткіліксіз. ЭЫДҰ-да шағын және орта бизнес кәсіпорындарында жұмыспен айналысатындардың орташа үлесі 64 %-ды құрайды, бұл Қазақстандағы деңгейден 1,4 есеге артық (45 %).
Осылайша жеке секторда жұмыс орындарын құру үшін жаппай кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру қажет. Әлемнің дамыған елдерінің озық тәжірибесі микрокредит беруді дамыту жұмыспен қамту мәселелерін шешуге және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал ете отырып, кәсіпкерліктің тиімділігін және ауқымын арттыратынын көрсетеді.
Әлемдік практикада еңбек нарығындағы проблемаларды шешу үшін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары пайдаланылады, олар еңбек ресурстарын дамыту (кәсіптік даярлау және қайта даярлау), жұмыс күшіне сұранысты арттыру (жалақыны/жұмыспен қамтуды субсидиялау, қоғамдық жұмыстар), ақпараттық сүйемелдеуді қоса алғанда, еңбек нарығы институттарының қызметін жетілдіру, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамыту арқылы жүзеге асырылады.
Бұл экономикалық тұрғыдан нәтижелі жұмыспен қамту ықтималдығын арттыруды, еңбек өнімділігі мен жалақының өсуін көздесе, әлеуметтік тұрғыдан жұмыссыздықты қысқартуды, еңбек белсенділігінің өсуін және адами әлеуетті дамытуды көздейді.
Технологиялық жаңғырту бірқатар дәстүрлі салаларда еңбек ресурстарына сұраныстың төмендеуімен және жаңа салаларда сұраныстың өсуімен байланысты еңбек нарығындағы едәуір өзгерістерге алып келеді.
Цифрлық экономиканың талаптарын ескере отырып, жұмыс күшінің дағдылары мен біліктіліктеріне жаңа талаптар қойылады. Экономиканы сұранысқа ие кадрлардың заманауи және сапалы ұсынысымен және барлық азаматтарды қызмет түрін ауыстыру үшін барлық мүмкіндіктермен қамтамасыз ету үшін қайта даярлау, біліктілікті арттыру бағдарламаларына қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар, еңбек ресурстарын жаңа экономиканың қажеттіліктеріне бейімдеу қажет.
Жаңа экономиканы өнімділіктің артуына, технологиялық жаңаруға және кәсіпорындар мен салалардың цифрлануына қабілетті кадрлармен қамтамасыз ету еңбек нарығына білім беру жүйесінен жаңа білікті кадрлардың келуі есебінен, сондай-ақ жұмыс істейтін жұмыскерлерді оқыту арқылы жүзеге асырылады.