2. Кіріспе
Қазақстан тәуелсіздік жылдары әлеуметтік-экономикалық дамуда айтарлықтай прогреске қол жеткізіп, табысы орташадан жоғары деңгейдегі елдер тобына кірді.
Мұндай орнықты өсу кедейлік деңгейін едәуір төмендетуге, тұрғындардың біршама бөлігін анағұрлым нәтижелі жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге, адамдардың әл-ауқатын жақсартуға, еңбек өнімділігінің артуына және жұмыссыздар мен нәтижесіз еңбекпен айналысатын адамдардың, әсіресе, ауылдық жерлердегі санын азайтуға мүмкіндік берді.
Осы проблемаларды шешу үшін "Жұмыспен қамту 2020 жол картасы" бағдарламасының (бұдан әрі – ЖЖК 2020 бағдарламасы) шеңберінде 2011 жылдан бері жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және табысы аз тұрғындарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің пәрменді шараларына тарту жөніндегі шаралар белсенді түрде іске асырылды. ЖЖК 2020 бағдарламасы Мемлекет басшысының 2009 жылғы 6 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Үкіметтің іс-қимыл жоспарының ("2009 және 2010 жылдардағы жол карталарының" кадрларды жұмыспен қамту және қайта даярлау стратегиясы) қисынды жалғасы болып табылды әрі дағдарысқа қарсы ден қою тетіктерін қамтиды.
Еңбек нарығын дамыту және халықтың тұрмыс деңгейін арттыру бойынша қосымша шаралар қабылдау мақсатында Мемлекет басшысы 2016 жылғы 9 қыркүйекте Үкімет алдына жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамту жөнінде міндет қойды.
Жұмыспен қамту және еңбекақы төлеу, адами капиталдың сапасын арттыру саясатын жаңғырту, кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, әлеуметтік қолдаудың атаулы болуын қамтамасыз ету "Қазақстан – 2050" Стратегиясына және Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес даму басымдықтары ретінде айқындалды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуға тиіс деп атап өтілді.
Жолдауда жастардың барлық санатын қолдаудың толық кешенді шараларын қамтитын әлеуметтік лифттердің кең платформасын құру тапсырылды.
Технологиялық жаңғырудың әсері, бұрын болмаған жаңа кәсіптердің пайда болуы мемлекеттен еңбек нарығының жаңа бейнесін әзірлеуді талап етеді, бұл қазақстандық жастар үшін өте маңызды.
Тез өзгеріп жатқан әлемде адами және инновациялық капиталды нәтижелі пайдалана алатын елдер стратегиялық артықшылыққа ие болады.
Осы капиталдың дамуында білім ерекше орын алады, яғни жас ұрпақ қазірдің өзінде өмір бойы оқу қағидатымен қамдануы қажет, ал білім беру жүйелері еңбек нарығында сұранысқа ие дағдылар беруге тиіс.
Сонымен қатар жастардың кәсіпкерлік, туризм, демалыс салаларына жеткіліксіз қатысуы, жастар саясатын ақпараттық сүйемелдеудің болмауы бүгінгі күні жастарды жұмыспен қамтуды жетілдіру бойынша қосымша шаралар қабылдауды талап етеді.
Осыған байланысты жастарды жұмыспен қамту саласындағы стратегиялық шешім кешенді сипатқа ие болуға және қайта оқыту мен біліктілік арттыру бағдарламаларын қолдана отырып, өндірістің өсуін және жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс.
Бұл ретте жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу кезінде әлеуметтік және экономикалық сипаттағы белгілі бір жағдайларға байланысты оқымайтын, жұмыс істемейтін және біліктілігін арттырмайтын жастарға ерекше көңіл бөлу қажет.
Жастарды мемлекеттік қолдаудың кешенді шараларын іске асыру білім беру бағдарламаларының қолжетімділігі мен сапасын, жұмыс орындарын құру, кәсіпкерлік бастамаларды дамыту, жастар ортасында бейәлеуметтіктің пайда болуына қарсы іс-қимыл арқылы қамтамасыз етуі тиіс.
Бұдан басқа, мемлекет тарапынан көңіл бөлуді талап ететін маңызды мәселелердің бірі халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары арқылы жас отбасылардың кірісін арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту болып табылады.
Осыған байланысты Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптік дағдылар мен біліктілікті меңгерудің тиімді жүйесін құруға, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға, халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарын қолдауды қоса алғанда, еңбек делдалдығының тиімді моделін құруға, сондай-ақ "Жастар – ел тірегі" ұлттық жобасының кешенді іс-шараларын іске асыруға бағдарланған.
2.1. Осы Бағдарламада мынадай негізгі терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасы (бұдан әрі – ӨКП) – жергілікті деңгейде қаржылай емес қолдау операторы;
2) аудандық (қалалық) комиссия – ауданның (қаланың) жергілікті атқарушы органы жанындағы жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асыру мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия;
3) "АШҚҚҚ" АҚ – "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" акционерлік қоғамы;
4) әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – "Еңбек нарығы" ААЖ) – халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органның, халықты жұмыспен қамтудың жергілікті органдарының, халықты жұмыспен қамту орталықтарының, еңбек ресурстарын дамыту орталығының қызметін автоматтандыруға және әлеуметтік-еңбек саласында халыққа мемлекеттік қызметтерді ұсыну мақсатында ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасауға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;
5) әлеуметтік жұмыс орны – жұмыссыздарды олардың жалақысын субсидиялай отырып жұмысқа орналастыру үшін жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен шарт негізінде құратын жұмыс орны;
6) әлеуметтік келісімшарт – Бағдарламаға қатысушы мен халықты жұмыспен қамту орталығы арасындағы, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын ұйымдастыруға тартылған жеке және заңды тұлғалармен тараптардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысу туралы келісім, ол тараптардың құқықтары мен міндеттерін, еңбек жағдайларын, еңбекке ақы төлеу мөлшері мен шарттарын, қаржыландыру мерзімін және көздерін қамтиды;
7) әлеуметтік кәсіптік бағдарлау – кәсіп таңдауда, қызмет түрін ауыстыруда практикалық көмек көрсетуге, сондай-ақ жеке тұлғаның кәсіптік білімін, дағдыларын, мүдделері мен еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, біліктілігін арттыруға бағытталған өзара байланысты іс-шаралар кешені;
8) әлеуметтік студенттік кредит – жеке және (немесе) заңды тұлғалардың мүддесінде студенттер жүзеге асыратын әлеуметтік бағыттағы, қоғамға пайдалы қызмет көлемінің бірыңғай өлшем бірлігі және республикалық бюджет қаражаты есебінен материалдық көтермелеу;
9) Бағдарлама операторлары – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі;
10) бастапқы бизнес (стартап жоба) – заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелу/дара кәсіпкер мәртебесін ресімдеу мерзімі кредиторға кредит/микрокредит алу үшін жүгінген сәтте бір жылдан аз уақытты құрайтын Бағдарламаға қатысушылардың бизнес жобалары;
11) білім беру ұйымы – оқу орны және/немесе оқу орталығы;
12) дуальды оқыту – кәсіпорынның (ұйымның), оқу орнының және білім алушының тең жауапкершілігі кезінде білім беру ұйымындағы оқытуды білім алушыларға жұмыс орындарын және өтемақы төлемін ұсынып, кәсіпорындағы (ұйымдағы) өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканың міндетті кезеңдерімен ұштастыратын кадрлар даярлау нысаны;
13) "Еңбек биржасы" мемлекеттік интернет-ресурсы – еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасын қамтитын, интернет желісінде жұмыс істейтін, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің мемлекеттік шараларын көрсету мақсатында еңбек ресурстарын дамыту орталығы қолдап отыратын электрондық ақпараттық ресурс;
14) еңбекке қабілетті адам (отбасының еңбекке қабілетті мүшесі) – бірінші немесе екінші топтағы мүгедек адамдарды және (немесе) екі айдан астам еңбекке уақытша қабілетсіздік мерзімі белгіленуі мүмкін аурулары бар адамдарды қоспағанда, он алты жастан бастап "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында көзделген жасқа дейінгі адам немесе отбасы мүшесі;
15) жалақыны субсидиялау – халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамалары бойынша әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған жұмыскерлердің еңбегіне ақы төлеуге жұмыс беруші жұмсаған шығындардың бір бөлігін өтеу;
16) "Жастар – ел тірегі" ұлттық жобасы – "Жас кәсіпкер" жастар кәсіпкерлігін дамыту арқылы жастардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу және 100/200 қағидаты бойынша "Жас маман" еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша білікті кадрларды даярлау бойынша мемлекеттік қолдау шараларын қамтитын жоба;
17) жас отбасы – ерлі-зайыптылардың екеуі де жиырма тоғыз жасқа толмаған отбасы не баланы (балаларды) жиырма тоғыз жасқа толмаған ата-ананың біреуі тәрбиелейтін толық емес отбасы;
18) жастар практикасы – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының түлектері алған кәсібі (мамандығы) бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында жүзеге асыратын еңбек қызметінің түрі;
19) жұмыссыз адам – жұмыс іздеуді жүзеге асыратын және жұмысқа кірісуге дайын жеке тұлға;
20) жұмыспен қамтудың жекеше агенттігі – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелген, еңбек делдалдығын көрсететін жеке немесе заңды тұлға;
21) жұмысқа орналастыру бойынша жеке онлайн алаң – жұмыс іздеуге және персонал таңдауға арналған жеке сервис;
22) жұмыс істеп жүрген кәсіпкер – ЕДБ/ "АШҚҚҚ" АҚ/МҚҰ/КС кредит/микрокредит алу үшін өтініш берген сәтте дара кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелген мерзімі үш жылдан көп уақытты құрайтын кәсіпкер;
23) зәкірлік кооперация – шағын және орта шаруа (фермер) қожалықтары және/немесе ауыл шаруашылығы кооперативтерінің және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлері бар басқа да үміткерлердің ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру және өнімдерді кепілді өткізу мақсатында агроөнеркәсіптік кешеннің орта және ірі субъектілерімен әріптестігі;
24) көпбалалы отбасы – құрамында бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар отбасы;
25) кәсіптік ақпараттандыру – еңбек нарығындағы ахуал, игерген мамандығы бойынша жұмысқа орналасу, қайта оқытудан өту, біліктілікті арттыру мүмкіндігі туралы ақпарат ұсыну;
26) кепілгер – кепілдіктерді беруге уәкілетті "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамының еншілес ұйымы ("ҚазАгро" ҰБХ" АҚ ЕҰ), "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамы;
27) кепілдік – қарыз алушының міндеттемелері бойынша Кредитор алдында Кепілгердің субсидиарлық жауапкершілігін растайтын құжат;
28) кепілдік шарты – кепілгердің, кредитордың және қарыз алушының арасында кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органдар бекітетін нысандар бойынша кепілдік беру туралы жасалған үшжақты жазбаша келісім;
29) кредитор – микроқаржы ұйымы/екінші деңгейдегі банктер/кредиттік серіктестіктер/ "АШҚҚҚ" АҚ;
30) кредит/микрокредит – микроқаржы ұйымдары (МҚҰ)/екінші деңгейдегі банктер (ЕДБ)/кредиттік серіктестіктер (КС)/ "АШҚҚҚ" АҚ ақылылық, мерзімділік, қайтарымдылық, қамтамасыз етілу және мақсатты пайдалану шарттарында Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында кредиттік желімен жаңартылмайтын кредит/микрокредит ұсыну туралы шарт бойынша Бағдарламаға қатысушыға беретін қарыз қаражаты;
31) қаржылай емес қолдау операторы – "Атамекен" Қазақстан Республикасының ұлттық кәсіпкерлер палатасы ("Атамекен" ҰҚП);
32) қоғамдық жұмыстар – халықты жұмыспен қамту орталықтары ұйымдастыратын, жұмыскердің алдын ала кәсіптік даярлықтан өтуін талап етпейтін, олардың уақытша жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін әлеуметтік пайдалы бағыттағы еңбек қызметінің түрлері;
33) қоныс аударушы – Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударатын ішкі көшіп-қонушы;
34) қысқа мерзімді кәсіптік оқыту – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің жұмысшы кадрларды кәсіптік даярлау және қайта даярлау бойынша оқыту мерзімі қысқартылған білім беру бағдарламаларын іске асыруды көздейтін бөлігі;
35) "Мәңгілік ел жастары – индустрияға!" ("Серпін") жобасы – жұмыс күші артық өңірлерден шыққан жастарға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі, техникалық және кәсіптік білім беруге және оларды жұмыс күші тапшы өңірлерге жұмысқа орналастыруға бағытталған жоба;
36) микрокредит беру ұйымы – кепілдіктерді беруге уәкілетті "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі" акционерлік қоғамының еншілес ұйымы ("ҚазАгро" ҰБХ" АҚ ЕҰ), "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамы;
37) микроқаржы ұйымы – коммерциялық ұйым болып табылатын, ресми мәртебесі әділет органдарында мемлекеттік тіркелумен және есептік тіркеуден өтуімен айқындалатын, микрокредиттер беру жөніндегі қызметті, сондай-ақ "Микроқаржы ұйымдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңында рұқсат етілген қосымша қызмет түрлерін жүзеге асыратын заңды тұлға;
38) мобильді оқу орталығы – практиканы қамтамасыз етумен және конструкциялық элементтер мен жабдықтарды оқу орнына тасымалдау мүмкіндігімен қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын көшпелі оқу орталығы;
39) нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар – табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен жұмыспен айналысатындар және/немесе жоғары, техникалық және кәсіптік білімі жоқ және/немесе біліктілігі төмен жұмыс орындарында жұмыс істейтіндер;
40) оқу орны – жоғары, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы;
41) оқу орталығы – міндетті түрде өндірістік практиканы ұйымдастырып, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйым;
42) өңірлік комиссия – жергілікті өкілді органдар, жұмыс берушілер, кәсіптік одақтар және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асыру мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органы жанындағы ведомствоаралық комиссия;
43) скрининг – қаржылық емес қолдау операторы "Атамекен" ҰКП аудандық деңгейде әлеуетті тауашалар мен перспективалы бағыттарды анықтау бойынша өткізетін маркетингтік зерттеу;
44) субсидиялау жөніндегі оператор – ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган;
45) табысы аз адамдар (отбасылар) – жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен адамдар (отбасылар);
46) техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау – техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің білікті жұмысшы кадрларды және орта буын мамандарын даярлауды көздейтін бөлігі;
47) үміткер – жұмыссыз адам, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын жұмыспен қамтылған адамдардың жекелеген санаттары қатарындағы адам, NEET санатындағы жастар, табысы аз көпбалалы отбасы мүшесі, табысы аз еңбекке қабілетті мүгедек, ісін жаңа бастаған/ісін жаңа бастаған жас және жұмыс істеп жүрген кәсіпкер, ауыл шаруашылығы кооперативтері және олардың мүшелері, шаруа және фермер қожалықтары, қызмет мерзіміне қарамастан зәкірлік кооперацияға қатысушылар;
48) халықты жұмыспен қамту орталығы – жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру және жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды және "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы құратын заңды тұлға;
49) ісін жаңа бастаған жас кәсіпкер – мемлекеттік тіркелген мерзімі ауылдық елді мекендерде, шағын қалаларда, қалалар мен моноқалаларда кредиторға кредит/микрокредит/кепілдік алу үшін жүгінген сәтте кемінде үш жылды құрайтын жиырма тоғыз жасқа дейінгі (қоса алғанда) дара кәсіпкер;
50) ісін жаңа бастаған кәсіпкер – ЕДБ/ "АШҚҚҚ" АҚ/МҰ/КС-ке кредит/микрокредит алу үшін жүгінген сәтте дара кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелген мерзімі үш жылдан аспайтын кәсіпкер;
51) NEET санатындағы жастар – әлеуметтік және экономикалық сипаттағы белгілі бір жағдайларға байланысты оқымайтын, жұмыс істемейтін және біліктілігін арттырмайтын жастар.