• 1.jpg
  • 2.jpg
  • 3.jpg
  • 4.jpg
  • 5.jpg

3-тарау. Ағымдағы ахуалды талдау

      Бағдарламаны іске асыру өңірлік жеке кәсіпкерлікті дамытуға және бәсекеге қабілеттілікті дамытуға бағытталған.

      "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасын іске асыру кезеңінде 2010 жылдан 2017 жылға дейін қолдау көрсету бағдарланған экономиканың шикізаттық емес секторларының даму көрсеткіштерінде оң үрдіс байқалды. Пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау құралдарын пайдалану мен кредиттерге кепілдік беру есебінен мемлекет өңдеуші өнеркәсіп, көлік және байланыс сияқты салаларды кредиттеу көлемін ұлғайту үшін екінші деңгейдегі банктерді ынталандыра алды.

      2017 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы бойынша жұмыс істеп тұрған кредиттер портфелі 1 463 млрд. теңгені құрады, олардың ішінде инвестициялық мақсаттарға арналған кредиттік портфель 968 млрд. теңге.

      2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша экономиканың басым секторлары бойынша банктік кредиттер портфелінің жалпы көлемі 9 397 млрд. теңгені, экономиканың басым секторлары бойынша кредит портфелінің жалпы көлемінде "Бизнестің жол картасы-2020" бірыңғай бағдарламасының қамтуы 15,5 % құрады (бұл экономиканың басым секторларындағы жалпы кредит портфеліндегі қолданыстағы субсидиялау және кепілдік беру шарттарының пайызы).

      Жалпы 2010 – 2017 жылдар аралығында банктердің өңдеуші өнеркәсіптегі жиынтық кредиттік портфелі 2,9 есе (455 млрд. теңгеден 1 323 млрд. теңгеге дейін), көлік секторында – 2,3 есе (252 млрд. теңгеден 573 млрд. теңгеге дейін), байланыс секторында – 1,9 есе (51 млрд. теңгеден 99 млрд. теңгеге дейін) ұлғайды.

      Өңдеуші өнеркәсіпке берілген кредиттердің жиынтық көлемі осы үш жыл ішінде 3 есе (383 млрд. теңгеден 1 153 млрд. теңгеге дейін), көлік секторына – 2,6 есе (145 млрд. теңгеден 377 млрд. теңгеге дейін), байланыс секторына – 2,1 есе (22 млрд. теңгеден 46 млрд. теңгеге дейін) өсті.

      "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасында кредит қаражатының соңғы тұтынушысы қаржыландыру тартқан сыйақы мөлшерлемесі бойынша шектеу көзделген. "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасын іске асыру нәтижесінде берілген кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі айтарлықтай төмендеді. 2010 – 2017 жылдар аралығында өңдеуші өнеркәсіпке берілген кредиттер бойынша орташа мөлшерлеме жылдық 12 %-дан 10,3 %-ға дейін, көлік секторына – жылдық 12,5 %-дан 10,3 %-ға дейін төмендеді.


Қалыптасып отырған ағымдағы жағдайды ескере отырып, мемлекет инвестициялар үшін барлық жағдайлар мен мүмкіндіктерді жасап отырғанын, алайда айналым қаражатын толықтыруды қалайтын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау болмай отырғанын көруге болады. Кредит беру құрылымы жөніндегі деректерді негізге ала отырып, Бағдарлама құралдарын осы бағытта кеңейту шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау деңгейін айтарлықтай жоғарылатып, осылайша елдегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің неғұрлым елеулі өсуіне алғышарт жасайды деп айтуға болады.

      Оқыту түрінде қаржылай емес мемлекеттік қолдау көрсету "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасына 2011 жылы енгізілді. Осы бағыт іске асырылған жылдары аталмыш қолдау танымал бола түсті. 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша "Шағын және орта бизнестің топ-менеджментін оқыту" жобасы бойынша 2 525 кәсіпкер оқытылды. Кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымын жасау бойынша жұмыс жүргізілді. Мәселен, 2014 жылғы 1 желтоқсанда облыс орталықтары мен ірі қалаларда 18 кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды, оларда 273 мың кәсіпкерге 438 мыңнан астам консультация берілді. Өңірлік деңгейде 14 ұтқыр кәсіпкерлікті қолдау орталығы жұмыс істейді, оларда 52 мың кәсіпкерге 73 мың көшпелі консультация берілді. Бұдан басқа жұмыс істейтін кәсіпкерлік қызметіне сервистік қолдау көрсетіледі. Мәселен, 192 мыңнан астам кәсіпкерге 428 мың қызмет көрсетілді.

      Осылайша, ағымдағы жағдайды талдау Бағдарлама ірі қалалардан тыс шағын және орта кәсіпкерлікті нысаналы қолдауды және кәсіпкерлік әлеуетті күшейтуді көздеуі тиіс екенін көрсетіп отыр.

      2015 жылдан бастап Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (бұдан әрі – ҰКП) "Бизнестің жол картасы-2020" бірыңғай бағдарламасы шеңберінде қаржылай емес қолдау операторы болып табылады. Осылайша, 2015 жылдан бастап ҰКП мынадай жобаларды жүзеге асыруда:

      1. Бизнес-Кеңесші

      2. Бизнес-Өсу

      3. Іскерлік қатынастар

      4. Аға синьорлар

      5. Бизнес-Насихат

      6. Моноқалалардағы қолдау орталықтары

      7. Шағын қалалар мен аудан орталықтарындағы қолдау орталықтары.

      Бағдарлама шеңберінде "Жаңа бизнес бастамаларды қолдау" бағыты бойынша қаржыландыруға қол жеткізуді арттыру, жобалардың өндірістік қуатын арттыру, ауылдық елді мекендерде, шағын және моноқалаларда, кәсіпкерлердің бизнес бастамалары мен олардың жобаларын кеңейту сияқты проблемалық мәселелер шешілетін болады.

      Моноқалалар, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендер кәсіпкерлерінің қаржыландыруға қол жеткізуін арттыру үшін банктердің кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, банктердің кәсіпкерлер мен микроқаржы ұйымдарына берген кредиттеріне ішінара кепілдік беру, микрокредиттер беру жүзеге асырылатын болады.

      Моноқалалар, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендер кәсіпкерлерінің өндірістік қуаттылығын арттыру үшін ауылдық елді мекендер, шағын қалалар мен моноқалалар кәсіпкерлерінің жобаларына жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізу жүзеге асырылады.

      Моноқалаларда, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде кәсіпкерлердің бизнес-бастамаларын кеңейту үшін мемлекеттік гранттар беру жүзеге асырылады.

Экономиканың басым секторларында және өңдеуші өнеркәсіп салаларында кәсіпкерлікті дамыту өңдеуші өнеркәсіп өндірген өнімнің көлемін ұлғайту, бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді құру, шағын және орта кәсіпкерлікте халықтың жұмыспен қамтылуын ұлғайту міндеттерін шешеді.

      Өңдеуші өнеркәсіп өндірген өнім көлемін ұлғайту үшін банктердің/лизингтік компаниялардың кредиттер/лизингтік мәмілелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және банктердің кәсіпкерлерге берген кредиттеріне ішінара кепілдік беру шаралары жүзеге асырылады.

      Бәсекеге қабілетті жаңа өндіріс орындарын құру үшін кәсіпкерлердің жобаларын және индустриялық аймақтарды жетіспейтін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жүзеге асырылатын болады.

      Шағын және орта кәсіпкерлікте халықты жұмыспен қамтуды ұлғайту үшін банктердің/даму банкінің/лизингтік компаниялардың кредиттер/лизингтік мәмілелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және банктердің/даму банкінің кәсіпкерлерге берген кредиттеріне ішінара кепілдік беру, кәсіпкерлер жобаларының және индустриялық аймақтардың жетіспейтін инфрақұрылымын қамтамасыз ету жүзеге асырылатын болады.

      Шетелдік валюталардың ауытқуларына байланысты валюталық тәуекелдіктердің кредиттікке өзгеруін болдырмау үшін банктердің/даму банкінің/лизингтік компаниялардың кредиттер/лизингтік мәмілелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін ұлттық және шетел валюталарында субсидиялау жүзеге асырылатын болады.

      Кәсіпкерлікке қаржылай емес қолдау көрсету жөніндегі проблемалардың шешімі кәсіпкерлікті ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету, кәсіпкерлердің/индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің құзыретін арттыру, кәсіпкерлердің/индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің өнімділігін арттыру, іскерлік байланыстарды кеңейту болып табылады.

      Кәсіпкерлікті ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету үшін "Бизнес-насихат" жобасы бойынша мемлекеттік қолдау шараларын, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде кәсіпкерлік қызметті жүргізу шарттары туралы және агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру жүзеге асырылатын болады.

      Кәсіпкерлердің/ индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің құзыретін арттыру үшін кәсіпкерлік қызметтің негіздерін оқыту, мамандардың, кәсіпорынның топ-менеджерлерінің біліктілігін арттыру, жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік қызметті жүргізуге сервистік қолдау көрсету, рұқсат құжаттары мен техникалық шарттар алу мәселелері бойынша консультациялар беру жүзеге асырылатын болады.

      Кәсіпкерлердің/индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің өнімділігін арттыру үшін басқарудың жаңа әдістерін енгізу, өндіріс технологиясы, өнімділікті арттыру және кәсіпорынның энергия қуатын үнемдеу, сондай-ақ кәсіпорындарды технологиялық дамыту мәселелері бойынша сырттан консультанттар тарту жүзеге асырылатын болады.

      Іскерлік байланыстарды кеңейту үшін шетелдік серіктестермен іскерлік байланыстар орнату және отандық өңделген тауарларды жылжыту жүзеге асырылатын болады.

4