• 1.jpg
  • 2.jpg
  • 3.jpg
  • 4.jpg
  • 5.jpg

2-тарау. Кіріспе

      Ескерту. 2-тарауға өзгеріс енгізілді – ҚР Үкіметінің 29.12.2018 № 944 қаулысымен.

      "Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) Қазақстан Республикасы Президентінің "Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері" атты Қазақстан халқына Жолдауын және Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 17 ақпандағы № 925 Жарлығымен бекітілген Қазақстанның 2020 жылға дейінгі жалпыұлттық даму жоспарын іске асыру үшін әзірленді.

      Бағдарлама Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан – 2030" Стратегиясы және "Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты Қазақстан халқына жолдауларының мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған.

      Жалпы елдің орнықты экономикалық дамуын қамтамасыз ету жеке кәсіпкерліктің және бірінші кезекте, шағын және орта бизнестің жай-күйі мен даму деңгейіне тәуелді. Мемлекеттің экономикалық өсуіне ықпалын тигізетін бәсекелестік дамымаған, материалдық және материалдық емес ресурстарды тиімсіз пайдалану, ішкі сұраныстың импортқа тәуелділігі, жұмыссыздық, кедейшілік және басқалары сияқты көптеген проблемаларды шешу үшін экономиканың нақ осы секторының әлеуетті мүмкіндіктері өте зор.

      Шағын және орта бизнестің экономиканы әртараптандырудағы рөлі де маңызды. Индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – ИИДМБ) іске асыру жағдайында, жұмыс процестеріне шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қатарынан көптеген қосалқы мердігерлер жұмылдырылуы мүмкін ірі өндірістер көбірек қалыптастырылатын болады. Ауылдарда, шағын қалалар мен моноқалаларда шағын кәсіпкерлік субъектілері тұрғындардың тұтынушылық сұранысын қанағаттандыруға бағдарланған секторларда жұмыс істей отырып, дамуға жаңа импульс беруі тиіс.

      Осыған байланысты жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша, қаржыландыруға қолжетімділікті жақсартуды, қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етуді, құзыретті арттыруға жәрдемдесуді, консультациялық қолдау алуды және кәсіпкерлік бастамаларды бірлесіп іске асыру үшін әріптестер тартуды қамтитын, бірақ олармен шектелмейтін жүйелі шаралар қабылдау қажет.

      2015 – 2019 жылдар кезеңінде іске асырылатын Бағдарлама өңірлік кәсіпкерліктің орнықты және теңгерімді өсуін, сондай-ақ барын сақтауды және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етеді.

      Бағдарламаны іске асырудың төрт негізгі бағыты:

      1) моноқалалар, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендер кәсіпкерлерінің жаңа бизнес-бастамаларын қолдау;

      2) экономиканың басым секторларында және өңдеуші өнеркәсіп салаларында қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлерге салалық қолдау көрсету;

      3) кәсіпкерлердің валюталық тәуекелдерін төмендету;

      4) кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау шараларын ұсыну.

      Негізгі терминдер мен анықтамалар

      Осы Бағдарламада мынадай негізгі терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) банк – Бағдарламаға қатысатын екінші деңгейдегі банк;

      2) банктік кредит (бұдан әрі – кредит) – банктік қарыз шартының негізінде мерзімділік, ақылылық, қайтарымдылық, қамтамасыз етілу және нысаналы пайдалану шарттарында банктің кәсіпкерге беретін ақшалай қаражат сомасы;

      3) даму банкі – "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамы және/немесе оның үлестес лизингтік компаниясы;

      4) қаржылай емес қолдау операторының веб-порталы – қолданушыларға қаржылай емес қолдау шаралары электрондық форматта ұсынылатын қаржылай емес қолдау операторының ақпараттық жүйесі;

      5) кепілдік беру – Бағдарлама шарттарында және кепілдік шартына сәйкес кәсіпкердің кредит бойынша міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету ретінде ішінара кепілдік беру түрінде пайдаланылатын кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау нысаны;

      6) мемлекеттік-жекешелік әріптестік – мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасындағы "Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы" 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған белгілерге сәйкес келетін ынтымақтастық нысаны;

      7) ИИДМБ – Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 1 тамыздағы № 874 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы;

      8) қаржылық лизинг шарты – шарттары бойынша лизингтік компания/банк кәсіпкерге қаржылық лизинг беретін лизингтік компания/банк және кәсіпкер арасында жасалған жазбаша келісім;

      9) банктік қарыз шарты – шарттары бойынша банк кәсіпкерге кредит беретін банк пен кәсіпкер арасында жасалған жазбаша келісім, сондай-ақ банкте кредиттік желі ашу туралы келісім;

      10) ақпараттық жүйе – ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы белгілі бір технологиялық әрекеттерді іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырылып ретке келтірілген жиынтығы;

      11) лизингтік компания – Бағдарламаға қатысатын лизингтік компания;

      12) лизингтік мәміле (лизинг) – лизингке қатысушылардың азаматтық құқықтары мен міндеттерін белгілеуге, өзгертуге және тоқтатуға бағытталған келісілген іс-қимылдар жиынтығы;

      13) Бағдарламаның жергілікті үйлестірушісі – облыс әкімі айқындайтын, қаланың/ауданның Бағдарламаға қатысу үшін қажетті құжаттарды дайындау және жинау бойынша кәсіпкерлерді консультациялық сүйемелдеуді жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі;

      14) ісін жаңа бастаған жас кәсіпкер – жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелу мерзімі кредит алу үшін банкке өтініш берген кезде кемінде үш жылды құрайтын 29 жасқа дейінгі (қоса алғанда) жеке кәсіпкер (жас шамасы ісін жаңа бастаған жеке кәсіпкердің банкке өтініш берген күнге айқындалады, жұмыс істеп жатқан үлестес кәсіпкерлердің ағымдағы қызметінен ерекшеленетін жаңа қызмет түрін құрған кезде ісін жаңа бастаған жас кәсіпкердің жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлермен бірге үлестес болуына жол беріледі);

     


15) халықаралық шетелдік ұйымдар (бұдан әрі – ХШҰ) – шетелдік тағылымдамаларды ұйымдастыруда және шетелдік әріптестермен іскерлік байланыстар орнатуда шағын және орта кәсіпкерлік кәсіпорындарына жәрдем көрсететін және/немесе шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін дамытуға жәрдем көрсетуге бағытталған халықаралық үкіметтік емес ұйымдар;

      16) ісін жаңа бастаған кәсіпкер – жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелу мерзімі банкке/лизингтік компанияға/микроқаржы ұйымына кредит/лизингтік шарт/микрокредит үшін өтініш берген кезде кемінде үш жылды құрайтын кәсіпкер (жұмыс істеп жатқан үлестес кәсіпкерлердің ағымдағы қызметінен ерекшеленетін жаңа қызмет түрін құрған кезде ісін жаңа бастаған кәсіпкердің жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлермен бірге үлестес болуына жол беріледі);

      17) ЭҚЖЖ (бұдан әрі – Бағдарлама шеңберінде экономиканың басым секторлары) – Бағдарламаға 2-қосымшаға сәйкес экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне сәйкес экономиканың басым секторлары;

      18) қаржылай емес қолдау көрсететін оператор – "Сыртқы консультанттарды тарту арқылы алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың консультациялық жобаларын бірлесіп қаржыландыру (ЕҚДБ-ның Қазақстан Республикасының шағын және орта кәсіпкерлігін қолдау жөніндегі бағдарламасы)", "Шағын және орта кәсіпкерліктің топ-менеджментін оқыту" құрамдауыштарын қоспағанда, Бағдарламаның төртінші бағыты шеңберінде кәсіпкерлерге мемлекеттік қаржылай емес қолдау көрсетуді жүзеге асыратын Ұлттық кәсіпкерлер палатасы;

      19) білім беру мекемесі – бизнес-тренингтер өткізу және "Іскерлік байланыстар" жобасына қатысушылардың шет елдердегі тағылымдамасын консультациялық сүйемелдеу арқылы басшы жұмыскерлер мен менеджерлердің біліктілігін арттыру жөнінде қызметтер көрсететін ұйым;

      20) кәсіпкер – өз қызметін 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асыратын шағын және (немесе) орта кәсіпкерлік субъектісі, сондай-ақ "Қолжетімді кредит беру міндетін шешу үшін ұзақ мерзімді теңгелік өтімділікті қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 желтоқсандағы № 820 қаулысымен бекітілген Басым жобаларға кредит беру тетігінде көрсетілген жеке кәсіпкерлік субъектілері;

      21) жоба – кіріс алуға бағытталған және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін бастамашылық қызмет ретінде кәсіпкер жүзеге асыратын кәсіпкерлік қызметтің түрлі бағыттарындағы іс-қимылдар мен іс-шаралардың жиынтығы (бір жобаның шеңберінде бірнеше банктік кредит алуға жол беріледі);

      22) "бір терезе" қағидаты – өтінім берушілердің (азаматтардың, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің) мемлекеттік қызметтер көрсетуді алу құқықтарын растайтын түрлі құжаттар мен анықтамаларды әртүрлі сатылардан жинау және әртүрлі сатыларға беру процестеріне қатысуын болдырмауды немесе барынша ықтимал шектеуді көздейтін мемлекеттік қызмет көрсету кезіндегі жұмысты ұйымдастыру;

23) Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі – облыс (астана, республикалық маңызы бар қала) әкімі айқындайтын облыстық (астана, республикалық маңызы бар қала) деңгейде Бағдарламаның іске асырылуына жауапты жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі;

      24) субсидиялау – кәсіпкер болашақта кәсіпкердің операциялық қызметіне жататын белгілі бір шарттарды орындаудың орнына кредиттер/лизинг бойынша сыйақы ретінде банкке/микроқаржы ұйымына/лизингтік компанияға төлейтін шығыстарды ішінара өтеу үшін пайдаланылатын кәсіпкерлерді мемлекеттік қаржылық қолдау нысаны;

      25) субсидиялар – субсидиялау шарттарының негізінде кәсіпкерлерді субсидиялау шеңберінде қаржы агенттігі/микрокредиттеу жөніндегі уәкілетті ұйым банкке/микроқаржы ұйымына/лизингтік компанияға өтеусіз және қайтарымсыз негізде төлейтін мерзімді төлемдер;

      26) уәкілетті орган – кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган;

      27) қаржы агенттігі – Бағдарлама шеңберінде қаржылық қолдауды іске асыру мен мониторингтеуді жүзеге асыратын "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамы.

      28) құрамдауыштардың/құралдың операторы – Бағдарламаның төртінші бағыты шеңберінде қаржылай емес қолдау құрамдауыштарын/құралдарын іске асыруды жүзеге асыратын ұлттық басқарушы холдинг немесе акцияларының жүз пайызы ұлттық басқарушы холдингке тиесілі заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекет жүз пайыз қатысатын ұйым;

      29) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры – зейнетақы жарналарын тарту және зейнетақы төлемдері жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға (бұдан әрі – БЖЗҚ);

      30) ұлттық институт – бизнес-инкубаторлар қызметін қолдау және бизнес-инкубациялау шеңберінде индустриялық-инновациялық жобаларға мемлекеттік гранттар беру процестерін сүйемелдеу жөніндегі оператор функцияларын жүзеге асыратын технологиялық даму саласындағы ұлттық даму институты;

      31) индустриялық-инновациялық қызмет субъектісі – экономиканың басым секторларында индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыратын не ішкі және (немесе) сыртқы нарықтарға отандық өңделген тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді ілгерілету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлға;

      32) электрондық өтінім – ақпарат электрондық-цифрлық нысанда берілген және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған мемлекеттік қолдауды алуға арналған өтінім;

      33) электрондық құжаттар топтамасы – өтінім берушінің немесе осы құжатты куәландыру өкілеттіктеріне ие адамның немесе мемлекеттік қызметті алушының өзі болған кезде берген жазбаша келісімі негізінде кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының уәкілетті жұмыскерінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған, электрондық-цифрлық нысанда түпнұсқа құжаттың түрін және ақпаратын (деректерін) толығымен көрсететін құжаттар.