• 1.jpg
  • 2.jpg
  • 3.jpg
  • 4.jpg
  • 5.jpg

Төртінші бағыт: кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау шаралары

      94. Кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау шаралары кәсіпкерлік субъектілері мен кәсіпкерлік бастамасы бар халыққа мынадай:

      1) кәсіпкерлікті ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету;

      2) кәсіпкерлердің құзыреттерін дамыту;

      3) кәсіпкерлердің өнімділігін арттыру;

      4) іскерлік байланыстарды кеңейту функционалдық бағыттары бойынша мемлекеттік қаржылай емес қолдау көрсетуді көздейді.

      95. Осы бағыттардың шеңберінде мынадай қаржылай емес қолдау құралдарын ұсыну:

      1) "кәсіпкерлікті ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету" функционалдық бағыты бойынша:

      "Бизнес-Насихат" құрамдауышы бойынша мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру;

      Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде кәсіпкерлік қызметті жүргізу шарттары туралы түсіндіру;

      2) кәсіпкерлердің құзыреттерін дамыту функционалдық бағыты бойынша:

      кәсіпкерлік қызмет негіздеріне оқыту;

      кәсіпорындар мамандарының, топ-менеджерлерінің біліктілігін арттыру;

      кәсіпкерлік қызметті жүргізуге сервистік қолдау көрсетуді ұсыну;

      3) кәсіпкерлердің өнімділігін арттыру функционалдық бағыты бойынша:

      жаңа басқарудың әдістерін, өндіріс технологияларын енгізу, кәсіпорындардың өнімділігін және энергия үнемдеуін арттыру мәселелері бойынша сыртқы консультанттарды тарту;

      4) іскерлік байланыстарды кеңейтудің функционалдық бағыты бойынша:

      шетелде тақырыптық бизнес-тағылымдаманы, сондай-ақ ұқсас бейіндегі кәсіпорындарға бару және шетелдік әріптестермен іскерлік байланыстар орнату көзделеді.

      96. Кәсіпкерлік әлеуетті күшейту функционалдық бағыттарын іске асыру мынадай: кәсіпкерлік субъектілеріне "бір терезе" арқылы қызмет көрсету, қайталауды жою, қағидалар мен талаптарды жеңілдету және оңтайландыру, белгіленген рәсімдер мен регламенттерді автоматтандыру қағидаттары сақталған жағдайда кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымы шеңберінде жүзеге асырылады.

      97. Кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымына:

      1) облыс орталықтарындағы, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Семей қалаларындағы, сондай-ақ моноқалалардағы, шағын қалалар мен аудан орталықтарындағы КҚКО;

      2) КҚКО бөлімшелері кіреді.

      98. Бағдарлама бойынша кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау шараларын ұсыну шарттары мен тәртібі уәкілетті орган бекітетін Бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау шараларын ұсыну қағидаларымен регламенттеледі.

Бағдарламаны іске асыруды мониторингілеу

      99. Бағдарламаны іске асыруды мониторингілеу оның нысаналы индикаторларына, міндеттері мен нәтижелер көрсеткіштеріне толық және уақтылы қол жеткізуді, Бағдарламаны іске асырудың ағымдағы жай-күйі туралы ақпаратты тұрақты алуды, сондай-ақ Бағдарламаны, оның ішінде Қазақстан Республикасында кәсіпкерлікті дамытудың құбылмалы сыртқы және ішкі факторларын ескере отырып, оның құралдары мен тетіктерін уақтылы өзектілендіруді қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.

      100. Бағдарламаны мониторингілеу мынадай үш деңгейде жүргізіледі:

      1) статистикалық деректерді талдау кәсіпкерлік санаттары, мемлекеттік қолдау түрлері, салалық және өңірлік тиесілілік бөлінісінде ұсынылатын қызметтер саны мен қолдау құралдарының тізбесі бойынша мәліметтерді жинауға және өңдеуге бағытталған;

      2) Бағдарлама құралдарын іске асыру сапасының аудиті Бағдарлама құралдарын алушылардың қанағаттануын, ұсынылатын мемлекеттік қолдау құралдарының жеткілікті және толық болуын бағалауды көздейтін Бағдарлама құралдарын іске асыру сапасын бағалауға бағытталған;

      3) Бағдарламаның нәтижелілік аудиті мемлекеттік қолдау құралдарының кәсіпкерлік субъектілерінің кәсіпкерлік қызметінің түпкілікті сапасы мен нәтижелілігіне ықпалын субъективті бағалауға, сондай-ақ Бағдарлама құралдарының әлеуметтік, бюджеттік және экономикалық тиімділігін объективті бағалауға бағытталған.

      101. Бағдарламаны пайдаланушының бейнесін сипаттауға, кәсіпкерлік қызмет нәтижелілігінің жақсаруын/нашарлауын экономикалық немесе басқарушылық тұрғыдан бағалауға, сондай-ақ қолдау құралдарын алудың жылдамдығы мен сапасын айқындайтын Бағдарламаның ішкі факторларына баға беруге қабілетті кешенді талдамалық есеп мониторинг қорытындысы болып табылады.

      102. Мониторинг жүргізу үшін мыналар:

      1) ұлттық және ведомстволық статистика;

      2) Бағдарлама құралдарын алу кезінде толтырылатын бастапқы нысандар;

      3) кәсіпкерлердің көрсетілген қызметтер сапасына қанағаттануын бағалауға арналған нысандар;

      4) мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлерге телефон арқылы және тікелей пікіртерім жүргізу;

      5) кәсіпкерлермен өткізілетін семинарлар, кеңестер, кездесулер ақпарат көзі болып табылады.

      103. Бағдарламаның бірінші, екінші және үшінші бағыттары шеңберінде статистикалық деректерді талдауды, сапа мен нәтижелілік аудитін қаржы агенттігі жүргізеді.

      104. Бағдарламаның төртінші бағыты шеңберінде статистикалық деректерді талдауды, сапа мен нәтижелілік аудитін қаржылай емес қолдау операторы жүргізеді.

      105. Қаржы агенттігі мен қаржылай емес қолдау операторы телефон арқылы және тікелей пікіртерім жүргізу арқылы Бағдарлама құралдарының іске асырылу сапасына аудит жүргізеді. Сауалнама жүргізу үшін қаржы агенттігі мен қаржылай емес қолдау операторы білікті мамандар бөледі, олар қызметтерді ұсыну сапасын тікелей мониторингілеуді жүзеге асырады. Тікелей пікіртерім кәсіпкер толтыратын сауалнама негізінде жүргізіледі.

      106. Бағдарлама нәтижелілігінің аудиті статистикалық деректерді талдау, Бағдарлама құралдарының іске асырылу сапасы аудитінің нәтижелері, оның ішінде Бағдарлама құралдарын пайдаланғаннан кейін өздері алған әлеуметтік, бюджеттік және экономикалық нәтижелерді көрсетіп, кәсіпкерлер есеп беретін семинарлар мен кездесулердің қорытындылары бойынша жүзеге асырылады.

      107. Бағдарлама тиімділігінің кешенді талдамалық есебін дайындауды қаржылай емес қолдау операторы бір жылдық статистикалық деректерді, сапа және нәтижелілік аудитін талдау нәтижелерін пайдалана отырып жүзеге асырады.

      108. Бағдарламаға мониторинг жүргізудің тұрақтылығы:

      1) статистикалық деректерді талдау – уәкілетті органға мемлекеттік қолдау құралдарының іске асырылуы бойынша ақпарат беру арқылы ай сайын;

      2) Бағдарлама құралдарының іске асырылу сапасының аудиті – кейіннен уәкілетті органға жиынтық есеп жібере отырып, Бағдарлама жұмысының сапасын бағалау сауалнамаларының деректерін өңдеу арқылы – тоқсан сайын және қолдау шараларын алу үшін жыл бойы барлық өтініш бергендердің жалпы санынан кемінде 5 % мөлшерінде көрсетілетін қызметтерді алған кәсіпкерлерге телефон арқылы немесе тікелей сауалнама жүргізу арқылы – жыл сайын;

      3) Бағдарлама нәтижелілігінің аудиті – КҚКО базасындағы форматқа сәйкес семинар өткізу арқылы – жыл сайын.

      Бағдарлама нәтижелілігі аудитінің нәтижелері қаржылай емес қолдау операторы уәкілетті органға есепті жылдан кейінгі қаржы жылының шілдесінен кешіктірмей беретін Бағдарлама тиімділігінің кешенді талдамалық есебіне қосылады.

      109. Мониторингті қаржыландыру мынадай түрде:

      1) Бағдарламаның бірінші, екінші және үшінші бағыттары шеңберіндегі статистикалық деректер аудиті қаржы агенттігінің меншікті қаражаты есебінен; Бағдарламаның төртінші бағыты шеңберінде қаржылай емес қолдау операторының меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылады;

      2) Бағдарлама құралдарының іске асырылу сапасының аудиті – қаржы агенттігінің меншікті қаражаты есебінен; Бағдарламаның төртінші бағыты шеңберінде – қаржылай емес қолдау операторының меншікті қаражаты есебінен;

      3) Бағдарлама нәтижелілігінің аудиті – қаржылай емес қолдау операторының қаражаты есебінен;

      4) "Бағдарламаның іске асырылуын мониторингілеу" тақырыбы бойынша қорытынды жұмыс кеңесін өткізу қаржылай емес қолдау операторының қаражаты есебінен жүргізіледі. 

Бағдарламаға қатысушылардың өзара іс-қимылы

      110. БЖК-2020 іске асыру шеңберінде жасалған банктердің/лизингтік компаниялардың кредиттері/қаржылық лизинг шарттары бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және банктердің/лизингтік компаниялардың кредиттері/қаржылық лизинг шарттары бойынша кепілдік беру жөніндегі келісімдер Бағдарламаны іске асыру кезінде қолданылады және қайтадан жасалмайды.

      111. Қаржы агенттігі кредиттер/қаржылық лизинг шарттары бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, кредиттер бойынша кепілдік беру, кәсіпкерлік қызметті жүргізуге сервистік қолдау көрсету, "Шағын және орта кәсіпкерліктің топ-менеджментін оқыту" құрамдауышы және мемлекеттік гранттар беру бөлігінде Бағдарламаның іске асырылуын мониторингілеуді жүзеге асырады.

      112. Қаржы агенттігі Бағдарлама тиімділігінің кешенді жылдық жалпы талдамалық есебін қалыптастыру мақсатында есепті жылдан кейінгі жылдың сәуірінен кешіктірмей, Бағдарламаның бірінші, екінші және үшінші бағыттарын мониторингілеу нәтижелерін қаржылай емес қолдау операторы мен уәкілетті органға жібереді.

      113. Жұмыскерлер кірісінің, орташа жылдық санының артуын, кәсіпкердің салықтық төлемдерінің ұлғаю серпінін айқындау үшін қаржы агенттігі Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінен алынған ақпаратты пайдаланады. Қаржы агенттігі шешім қабылдаған күнге қарамастан, келесі қаржы жылының басы жұмыскерлер кірісінің, орташа жылдық санының артуын, кәсіпкердің салықтық төлемдерінің ұлғаю серпінін есептеу кезіндегі есепті күн болып табылады.

      114. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 30-бабының 2-тармағына сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің салық төлеуші туралы мәліметтерді беруге келісуі туралы ұсынылған өтініштердің негізінде төленген салықтар мен бюджет төлемдерінің көлемі және қаржы агенттігі Бағдарламасына қатысушылар жұмыскерлерінің саны туралы мәліметтерді қаржы агенттігі мен қаржылай емес қолдау операторына жолдайды. Кірістер, төленген салықтар мен бюджет төлемдерінің көлемі және Бағдарламаға қатысушылар жұмыскерлерінің саны туралы соңғы 5 жылғы жылдық деректер кәсіпкерлік субъектілерінің салық төлеуші туралы мәліметтерді беруге келісуі туралы ұсынылған өтініштердің негізінде қаржы агенттігі мен қаржылай емес қолдау операторының сұрау салуы бойынша ұсынылады.

      115. Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі Бағдарламаның өңірлерде өндірістік инфрақұрылымды дамыту бөлігінде іске асырылуын мониторингілеуді жүзеге асырады.

Бағдарламаның өлшемшарттары

      116. Мемлекеттік қолдау алуға үміткер кәсіпкерлердің кредиттері/лизингтік мәмілелері мынадай өлшемшарттарға сәйкес келуге тиіс:

      1) кәсіпкердің кредиті/лизингтік мәмілесі Бағдарлама шарттарына сәйкес жаңа инвестициялық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ өндірістерді жаңғыртуға және кеңейтуге, оның ішінде айналым қаражатын толықтыруға бағытталуға тиіс;

      2) сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау және оларға ішінара кепілдік беру:

      ұйымдардың үлестерін, акцияларын, сондай-ақ мүліктік кешен ретінде кәсіпорындарды сатып алуға бағытталған;

      даму банкін қоспағанда, мемлекеттік даму институттары берген;

      банктердің/даму банкінің/лизингтік компаниялардың сыйақы мөлшерлемесі Бағдарлама шеңберінде арзандатылған кредиттерін/лизингтік мәмілелерін қоспағанда, сыйақы мөлшерлемесі бюджет қаражаты есебінен арзандатылған;

      овердрафт түріндегі кредиттер/лизингтік мәмілелер бойынша жүзеге асырылмайды;

      3) ұлттық және шетелдік валюталарда кредит беруге жол берілетін Бағдарламаның үшінші бағытын қоспағанда, кәсіпкердің кредиті/лизингтік мәмілесі ұлттық валютада берілуге тиіс.

      117. Мыналар:

      1) моторлы көлік құралдарын шығаруды және өзі өсірген жүзімнен шарап өндіруді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дәрілік зат ретінде тіркелген құрамында спирті бар медициналық мақсаттағы өнім (бальзамнан басқа) шығаруды көздейтін жобаларды қоспағанда, акцизделетін тауарлар/өнімдер шығаруды жүзеге асыратын кәсіпкерлер;

      2) қиыршықтас және құм карьерлерін игеруге арналған жобаларды қоспағанда, жобаны тау-кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді игеруде іске асыруды жоспарлайтын кәсіпкерлер;

      3) акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу және одан астам проценті тікелей немесе жанама түрде мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке, ұлттық компанияға (әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияны, сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы шарт шеңберінде құрылған кәсіпкерлерді қоспағанда) тиесілі кәсіпкерлер/индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері;

      4) меншік нысаны жеке меншік мекеме ретінде ресімделген кәсіпкерлер және коммерциялық емес ұйымдар Бағдарламаға қатысушылар бола алмайды.

      118. Субсидиялау қайтарымды лизинг, қайталама лизинг, қосалқы лизинг шарттары бойынша жүзеге асырылмайды.

      119. Уәкілетті орган Бағдарламаның бірінші, екінші және үшінші бағыттарын іске асыру мақсатында әрбір облыс, астана, республикалық маңызы бар қалалар үшін қаржыландырудың жалпы лимитін айқындайды.

      120. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кәсіпкерлік әлеуетін тарту Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының резиденттері бірлесіп қатысатын кәсіпорындар құрудың ресурстық әлеуеті мен қажеттілігі бар Қазақстан Республикасының шекара маңындағы аумақтарында қаржылай және қаржылай емес қолдау шараларын ұсыну жолымен жүзеге асырылады.

      121. Қаржылай және қаржылай емес қолдау шаралары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер кәсіпкерлерінің қатысуымен жаңадан құрылған және жобаларды Қазақстан Республикасының аумағында іске асыратын Қазақстан Республикасының резиденттері – кәсіпкерлерге/индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне де ұсынылады.

      122. Бағдарлама шарттарының бірі бар жұмыс орындарын сақтап қалу және жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек өнімділігін арттыру және Қазақстан Республикасы резиденттерінің жаңа нарықтарға шығуы болып табылады.

      123. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін кредиттік ресурстар құнын төмендету және банктердің/лизингтік компаниялардың
ұйымдық-техникалық мүмкіндіктерін тарту арқылы олардың қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру мақсатында даму банкі берген кредиттерді/қаржылық лизинг шарттарын қоспағанда, қаржы агенттігі арқылы халықаралық қаржы институттарының кредиттік ресурстарын тарту бойынша шаралар қабылданады.

      124. Бағдарламаның өңірлік үйлестірушілері аумақтарды дамыту бағдарламаларын әзірлеу кезінде осы Бағдарламаның ережелерін ескеретін болады.

      125. Кәсіпкерге/индустриялық-инновациялық қызмет субъектісіне Бағдарламаның барлық құралдары шеңберінде кешенді қолдау көрсетілуі мүмкін.

      126. Субсидиялау, кепілдік беру жөніндегі, гранттар беруге және өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды салуға немесе реконструкциялауға арналған, 2015 жылғы 31 наурызға дейін ӨҮК-те мақұлданған жобаларды қаржыландыру бұған дейін ӨҮК-те мақұлдаған талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

4