Бағдарламаны іске асыру өңірлік жеке кәсіпкерлікті дамытуға және бәсекеге қабілеттілікті дамытуға бағытталған.
"Бизнестің жол картасы-2020" (бұдан әрі – БЖК-2020) бағдарламасын іске асыру кезеңіндегі 2010 – 2018 жылдар аралығында қолдау көрсетуге бағдарланған экономиканың шикізаттық емес секторларының даму көрсеткіштерінде оң үрдіс байқалды. Проценттік мөлшерлемелерді субсидиялау құралдарын пайдалану және кредиттерге кепілдік беру есебінен мемлекеттің екінші деңгейдегі банктерді өңдеу өнеркәсібі, көлік және байланыс сияқты салаларды кредиттеу көлемін ұлғайтуға ынталандыруына мүмкіндік туды.
БЖК-2020 бірінші кезеңінің мақсаты (2010 – 2015 жылдар) өңірлік кәсіпкерліктің орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету, сондай-ақ қолда бар жұмыс орындарын қолдау және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру болып табылады.
БЖК-2020 аясында 16,8 млрд. теңге сомасына кепілдіктер, 87 млрд. теңге – субсидиялар, 1 784,9 млрд. теңге – гранттар қаржыландырылды.
БЖК-2020 іске асырылған кезеңде ЖІӨ-нің жалпы көлемінде ШОК-нің жалпы қосылған құны 2009 жылғы 17,7 %-тен 2014 жылы 25,9 %-ке дейін өсті.
Бұл бір мезгілде номиналды ЖІӨ-нің 2,3 есеге – 2009 жылғы 17 трлн. теңгеден 2014 жылы 39,7 трлн. теңгеге дейін өсуіне әкелді.
БЖК-2020 іске асыру ШОК белсенді субъектілерінің санын 40 %-ке айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді (2010 жылғы 661,6 мың бірліктен 2015 жылы 926,8 мың бірлікке дейін), бұл ШОК-дегі жұмыспен қамтудың 2,6-дан 2,8 млн. адамға дейін болмашы өсуіне ықпал етті.
ШОК-дегі еңбек өнімділігі ондағы жұмыс істейтін бір адамға 2009 жылғы 1,3 млн. теңгеден 2014 жылы 3,6 млн. теңгеге дейін ұлғайды.
БЖК-2020 іске асыру ел бюджетінің кіріс бөлігін ШОК салық түсімдерінен 5 жылда 31 есе (2010 жылғы 4,1 млрд. теңгеден 2014 жылы 109,9 млрд. теңгеге дейін) ұлғайтып, оған елеулі үлес қосуға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, бюджет қаражатының салынуына қарамастан, БЖК-2020 іске асыру кезеңінде ЖІӨ-дегі өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру жөніндегі мақсатқа қол жеткізілген жоқ.
Көрсеткіш 2010 жылғы 11,3 %-тен 2014 жылы 10,3 %-ке дейін төмендеді.
1-кесте. БЖК-2020 іске асырудың әсері(2009-2014 жж.)
Жалпы алғанда, БЖК-2020 бірінші кезеңін іске асыру кезінде ел экономикасындағы ШОК үлесінің өсуі орын алды, бұл ретте ЖІӨ-дегі өңдеу өнеркәсібі үлесінің жоспарлы өсуіне қол жеткізілмеді деген тұжырым жасауға болады.
БЖК-2020 екінші кезеңінің (2015 – 2020 жылдар) мақсаты өңірлік кәсіпкерліктің орнықты өсуін қамтамасыз ету болып табылады.
БЖК-2020 екінші кезеңі іске асырылған 4 жыл ішінде елдің жалпы ішкі өніміне ШОК үлесі 2,4 проценттік тармаққа, 2014 жылғы 26 %-тен 2018 жылы 28,4 %-ке дейінгі болмашы өсімді көрсетті.
Дегенмен, ШОК белсенді субъектілерінің 33 %-ке – 2014 жылы 926,8 мың бірліктен 2018 жылы 1 241,3 мың бірлікке дейін айтарлықтай өсуі байқалады, бұл ШОК субъектілерінің өнім шығаруының 2018 жылы 26,4 трлн. теңгені құрап 70 %-ке өсуіне ықпал етті.
БЖК-2020 іске асырылған 4 жылда ШОК-де жұмыспен қамтылғандар саны 17,8 %-ке, 2014 жылғы 2 811 мың адамнан 2018 жылы 3 312 мың адамға дейін өсті.
ШОК-дегі еңбек өнімділігі ШОК-де жұмыспен қамтылған бір адамға 2014 жылғы 3,6 млн. теңгеден 2018 жылы 4,7 млн. теңгеге дейін ұлғайды.
БЖК-2020 іске асырудың алдыңғы кезеңінің нәтижелерінен өзгешілігі екінші кезең іске асырылған төрт жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-дегі өңдеу өнеркәсібі үлесінің 2014 жылғы 10,2 %-тен 2018 жылы 11,6 %-ке дейін біртіндеп өскені байқалады.
2-кесте. БЖК-2020 іске асырудың әсері(2014-2018)
Экономиканың басым секторлары бойынша банктік кредиттер портфелінің жалпы көлемі 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 10 150 млрд. теңге, экономиканың басым секторлары бойынша кредит портфелінің жалпы көлемінде БЖК-2020 қамту 15,0 % құрады (бұл экономиканың басым секторларындағы жалпы кредит портфеліндегі қолданыстағы субсидиялау және кепілдік беру шарттарының проценті).
Жалпы 2010 – 2018 жылдары банктердің жиынтық кредиттік портфелі өңдеу өнеркәсібінде 3 есе (455 млрд. теңгеден 1 359 млрд. теңгеге дейін), көлік секторында – 2,4 есе (252 млрд. теңгеден 593 млрд. теңгеге дейін), байланыс секторында – 1,4 есе (51 млрд. теңгеден 72 млрд. теңгеге дейін) ұлғайды.
Өңдеу өнеркәсібіне берілген кредиттердің жиынтық көлемі 2010 – 2018 жылдары 3,8 есе (383 млрд. теңгеден 1 455 млрд. теңгеге дейін), көлік секторына – 2,7 есе (145 млрд. теңгеден 395 млрд. теңгеге дейін), байланыс секторына – 2,4 есе (22 млрд. теңгеден 52 млрд. теңгеге дейін) өсті.
2010 жылдан бері жыл сайын БЖК-2020 іске асырудың әлеуметтік-экономикалық тиімділігіне өнім шығарудың өсуі, салық төлеу, жұмыс орындарын құру және сақтап қалу тұрғысынан мониторинг жүргізіледі.
Мәселен, 2010 жылдан бері БЖК-2020 қатысушыларынан түскен салықтық түсімдер мен олардың өнім шығаруының жыл сайынғы өсімі байқалуда.
Өнім шығару бойынша:
2010 жылдың қорытындысы бойынша БЖК-2020 қатысушылары 54 млрд. теңгенің өнімін шығарды, 2018 жылы 5,6 трлн. теңгенің өнімін шығарды.
Өнім шығару (сомасы, млрд. теңге)
Салықтық түсімдер бойынша:
2010 жылдың қорытындысы бойынша БЖК-2020 қатысушылары 4,1 млрд. теңге сомасына салық төледі, 2018 жылы салықтық төлемдердің сомасы 316,1 млрд. теңгені құрады.
БЖК-2020 қатысушыларынан түсетін салықтық түсімдердің ұлғаюы қатысушылар табысының өскенін және өндірістік қуаттардың ұлғайғанын көрсетеді.
Салықтық түсімдер (сомасы, млрд. теңге)
Жұмыс орындарын құру және сақтап қалу бойынша:
БЖК-2020 іске асырылған кезеңде шамамен 95 мың жаңа жұмыс орны құрылып, 340 мыңнан астам жұмыс орны сақталды.
Жұмыс орындарын құру және сақтап қалу кәсіпкерлер жобаларының бизнес жоспарларындағы жұмыс орындарының мәлімделген санына байланысты екенін атап өту қажет.
Жоғарыда көрсетілген деректер мемлекеттік қолдау шараларын алу кезінде Бағдарламаға қатысушылар міндеттемелерінің бір бөлігі болып табылады.
Қалыптасып отырған ағымдағы жағдайдан мемлекет инвестициялар үшін барлық жағдай мен мүмкіндіктер жасап отырғанын, алайда айналым қаражатын толықтыруды қалайтын шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне қолдау болмай отырғанын көруге болады. Кредиттеу құрылымы жөніндегі деректерді негізге ала отырып, Бағдарлама құралдарын осы бағытта кеңейту шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау деңгейін айтарлықтай жоғарылатып, осылайша елдегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің айтарлықтай өсуіне алғышарт жасайды деп айтуға болады.
Осылайша, ағымдағы жағдайды талдау Бағдарлама ірі қалалардан тыс жерлерде шағын және орта кәсіпкерлікті мақсатты түрде қолдауы әрі кәсіпкерлік әлеуетті күшейтуді көздеуі тиіс екенін көрсетіп отыр.
2015 жылдан бастап Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (бұдан әрі – ҰКП) "Бизнестің жол картасы-2020" бірыңғай бағдарламасы шеңберінде қаржылай емес қолдау операторы болып табылатынын атап өту керек. Осылайша, 2015 жылдан бастап ҰКП мынадай жобаларды іске асыруда:
1. Бизнес-Кеңесші
2. Бизнес-Өсу
3. Іскерлік қатынастар
4. Аға сеньорлар
5. Бизнес-Насихат
6. Кәсіпкерлерге арналған сервистік қолдау
7. Ақпараттық-консультациялық көрсетілетін қызметтер.
Бағдарлама шеңберінде "Жаңа бизнес бастамаларды қолдау" бағыты бойынша қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру, жобалардың өндірістік қуатын арттыру, ауылдық елді мекендерде, шағын және моноқалаларда, кәсіпкерлердің бизнес бастамалары мен олардың жобаларын кеңейту сияқты проблемалық мәселелер шешілетін болады.
Моноқалалар, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендер кәсіпкерлерінің қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру үшін банктердің кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау, банктердің кәсіпкерлерге берген кредиттеріне ішінара кепілдік беру жүзеге асырылуда.
Моноқалалар, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендер кәсіпкерлерінің өндіріс қуатын ұлғайту үшін ауылдық елді мекендер, шағын қалалар мен моноқалалар кәсіпкерлерінің жобаларына жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізу жүзеге асырылуда.
Экономиканың басым секторларында кәсіпкерлікті дамыту өңдеу өнеркәсібі өндірген өнімнің көлемін ұлғайту, бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді құру, шағын және орта кәсіпкерлікте халықтың жұмыспен қамтылуын ұлғайту міндеттерін шешеді.
Өңдеу өнеркәсібі өндірген өнім көлемін ұлғайту үшін банктердің/лизингтік компаниялардың кредиттер/лизингтік мәмілелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және банктердің кәсіпкерлерге берген кредиттеріне ішінара кепілдік беру, сондай-ақ мемлекеттік гранттар беру жүзеге асырылуда.
Бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді құру үшін кәсіпкерлердің жобаларын және индустриялық аймақтарды жетіспейтін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жүзеге асырылатын болады.
Шағын және орта кәсіпкерлікте халықты жұмыспен қамтуды ұлғайту үшін банктердің/даму банкінің/лизингтік компаниялардың кредиттері/лизингтік мәмілелері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және банктердің/даму банкінің кәсіпкерлерге берген кредиттеріне ішінара кепілдік беру, кәсіпкерлер жобаларының және индустриялық аймақтардың жетіспейтін инфрақұрылымын қамтамасыз ету жүзеге асырылатын болады.
Шетелдік валюталардың құбылмалы болуына байланысты валюталық тәуекелдердің кредиттік тәуекелдерге өзгеруіне жол бермеу үшін банктердің/даму банкінің/лизингтік компаниялардың кредиттері/лизингтік мәмілелері бойынша сыйақы мөлшерлемесін ұлттық және шетелдік валюталарда субсидиялау жүзеге асырылатын болады.
Кәсіпкерлікке қаржылай емес қолдау көрсету жөніндегі проблемалардың шешімі кәсіпкерлікті ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету, кәсіпкерлердің құзыретін арттыру, кәсіпкерлердің өнімділігін арттыру, іскерлік байланыстарды кеңейту болып табылады.
Кәсіпкерлікті ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету үшін
"Бизнес-Насихат" жобасы бойынша мемлекеттік қолдау шараларын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде кәсіпкерлік қызметті жүргізу шарттары туралы және агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру жүзеге асырылатын болады.
Кәсіпкерлердің құзыретін арттыру үшін кәсіпкерлік қызмет негіздеріне оқыту, кәсіпорындар мамандарының, топ-менеджерлерінің біліктілігін арттыру, кәсіпкерлік қызметті жүргізуге сервистік қолдау көрсету, рұқсат беру құжаттары мен техникалық шарттарды алу мәселелері бойынша кеңестер беру жүзеге асырылады.
Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнімділігін арттыру үшін басқарудың жаңа әдістерін енгізу, өндіріс технологиясы, өнімділікті арттыру және кәсіпорынның энергия үнемдеу мәселелері бойынша сыртқы және ішкі консультанттарды тарту жүзеге асырылатын болады.
Іскерлік байланыстарды кеңейту үшін шетелдік әріптестермен іскерлік байланыстар орнату және отандық өңделген тауарларды ілгерілету жүзеге асырылады.
Бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлікті дамытудың SWOT-талдауы