"Бизнестің жол картасы-2025" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы "Қазақстан-2050" Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" және 2014 жылғы
17 қаңтардағы "Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты Қазақстан халқына жолдауларының мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған.
Бағдарлама "Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 12 қазандағы № 772 Жарлығымен бекітілген Мемлекет басшысының 2018 жылғы 5 қазандағы "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын іске асыру үшін әзірленді.
Жалпы елдің орнықты экономикалық дамуын қамтамасыз ету жеке кәсіпкерліктің және бірінші кезекте шағын және орта кәсіпкерліктің жай-күйі мен даму деңгейіне тәуелді. Мемлекеттің экономикалық өсуіне ықпалын тигізетін бәсекелестің дамымауы, материалдық және материалдық емес ресурстарды тиімсіз пайдалану, ішкі сұраныстың импортқа тәуелділігі, жұмыссыздық, кедейшілік және басқалары сияқты көптеген проблемаларды шешу үшін экономиканың нақ осы секторының әлеуетті мүмкіндіктері орасан зор.
Шағын және орта кәсіпкерліктің экономиканы әртараптандырудағы рөлі де маңызды. Индустриялық-инновациялық даму жағдайында жұмыс процестеріне шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің қатарынан көптеген қосалқы мердігерлер тартылуы мүмкін ірі өндірістер көбірек қалыптасатын болады. Ауылдарда, шағын қалалар мен моноқалаларда кәсіпкерлік субъектілері халықтың тұтынушылық сұранысын қанағаттандыруға бағдарланған секторларда жұмыс істей отырып, дамуға жаңа импульс беруі тиіс.
Осыған байланысты жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша жүйелі шаралар қабылдау қажет, ол қаржыландыруға қолжетімділікті жақсартуды, қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етуді, құзыретті арттыруға жәрдемдесуді, консультациялық қолдау алуды және кәсіпкерлік бастамаларды бірлесіп іске асыру үшін әріптестер тартуды қамтитын болады, бірақ олармен ғана шектелмейді.
2020 – 2024 жылдар кезеңінде іске асырылатын Бағдарлама өңірлік кәсіпкерліктің орнықты және теңгерімді өсуін, сондай-ақ бар жұмыс орындарын сақтауды және жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруды қамтамасыз етеді.
Бағдарламаны іске асырудың төрт негізгі бағыты:
1) моноқалалар, шағын қалалар мен ауылдық елді мекендер кәсіпкерлерінің бизнес-бастамаларын қолдау;
2) экономиканың басым секторларында қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлерді/индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін салалық қолдау;
3) кәсіпкерлердің валюталық тәуекелдерін төмендету;
4) кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау шараларын көрсету.
Негізгі терминдер мен анықтамалар
Осы Бағдарламада мынадай негізгі терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
1) ақпараттық жүйе – ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы белгілі бір технологиялық әрекеттерді іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсетуші персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырылып ретке келтірілген жиынтығы;
2) Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі – облыс (астана, республикалық маңызы бар қалалар) әкімі айқындайтын облыстық (астана, республикалық маңызы бар қалалар) деңгейде Бағдарламаның іске асырылуына жауапты жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі;
3) банк – Бағдарламаға қатысатын екінші деңгейдегі банк;
4) банктік кредит/микрокредит (бұдан әрі – кредит) – мерзімділік, ақылылық, қайтарымдылық, қамтамасыз етілу және мақсатты пайдалану шартымен банк кәсіпкерге банктік қарыз шартының/микрокредит беру туралы шарттың негізінде беретін ақшалай қаражат сомасы. Банктік кредитке/микрокредитке кредиттік желі де жатады;
5) банктік қарыз шарты – шарттары бойынша банк кәсіпкерге кредит беретін банк пен кәсіпкер арасында жасалған жазбаша келісім, сондай-ақ банкте кредиттік желі ашу туралы келісім;
6) "бір терезе" қағидаты – мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушының құжаттарды жинау мен дайындауға барынша аз қатысуын және оның көрсетілетін қызметті берушілермен тікелей байланысын шектеуді көздейтін орталықтандырылған мемлекеттік қызмет көрсету нысаны;
7) даму банкі – "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамы және/немесе оның үлестес лизингтік компаниясы;
8) жоба – кіріс алуға бағытталған бастамашылық қызмет ретінде кәсіпкер жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін кәсіпкерлік қызметтің түрлі бағыттарындағы іс-қимылдар мен іс-шаралардың жиынтығы (бір жобаның шеңберінде бірнеше банктік кредит алуға жол беріледі);
9) индустриялық-инновациялық қызмет субъектісі – индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыратын не отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі және (немесе) сыртқы нарықтарға ілгерілету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар (оның ішінде жай серіктестіктер нысанындағы);
10) кәсіпкер – өз қызметін 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жүзеге асыратын шағын және (немесе) орта кәсіпкерлік субъектісі, сондай-ақ "Қолжетімді кредит беру міндетін шешу үшін ұзақ мерзімді теңгелік өтімділікті қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы
11 желтоқсандағы № 820 қаулысымен бекітілген Басым жобаларға кредит беру тетігінде (бұдан әрі – Тетік) көрсетілген жеке кәсіпкерлік субъектісі;
11) кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы (бұдан әрі – КҚКО) –мемлекеттік қолдау шараларын көрсету және мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар халыққа онлайн режимде ұсыну үшін облыс орталықтарында, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Семей қалаларында және моноқалалардағы, шағын қалалар мен аудан орталықтарындағы кәсіпкерлер палаталарының филиалдары жанынан құрылған инфрақұрылымдық кешен;
12) КҚКО бөлімшесі – облыс орталықтарында, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Семей қалаларында кәсіпкерлер барынша көп шоғырланған жерлерде құрылған, кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар халыққа мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуге және мемлекеттік қызмет ұсынуға арналған жұмыс орны;
13) кепілдік беру – Бағдарлама шарттарында және кепілдік шартына сәйкес кәсіпкердің кредит бойынша міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету ретінде ішінара кепілдік беру түрінде пайдаланылатын кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау нысаны;
14) қаржы агенттігі – Бағдарлама шеңберінде қаржылық қолдауды іске асыру мен мониторингілеуді жүзеге асыратын "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" акционерлік қоғамы;
16) қаржылық лизинг шарты – шарттары бойынша лизингтік компания/банк кәсіпкерге қаржылық лизинг беретін лизингтік компания/банк және кәсіпкер арасында жасалған жазбаша келісім;
17) лизингтік компания – Бағдарламаға қатысатын лизингтік компания;
18) лизингтік мәміле (лизинг) – лизингке қатысушылардың азаматтық құқықтары мен міндеттерін белгілеуге, өзгертуге және тоқтатуға бағытталған келісілген іс-қимылдарының жиынтығы;
19) мемлекеттік-жекешелік әріптестік – "Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы" 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған белгілерге сәйкес келетін мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасындағы ынтымақтастық нысаны;
20) өңірлік үйлестіру кеңесі (бұдан әрі – ӨҮК) – облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері құратын және басқаратын, жалпы қатысушылар санының кемінде 50 %-ін бизнес-қоғамдастықтың өкілдері құрайтын консультативтік-кеңесші орган;
21) субсидиялар – субсидиялау шарттарының негізінде кәсіпкерлерді субсидиялау шеңберінде қаржы агенттігі банкке/лизингтік компанияға төлейтін өтеусіз және қайтарымсыз негіздегі мерзімді төлемдер;
22) субсидиялау – кәсіпкердің операциялық қызметіне жататын белгілі бір шарттарды болашақта орындаудың орнына кредиттер/лизинг бойынша сыйақы ретінде кәсіпкер банкке/лизингтік компанияға төлейтін шығыстарды ішінара өтеу үшін пайдаланылатын кәсіпкерлерді мемлекеттік қаржылық қолдау нысаны;
23) уәкілетті орган – кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган;
24) ісін жаңа бастаған жас кәсіпкер – жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелу мерзімі кредит алу үшін банкке/лизингтік компанияға жүгінген кезде үш жылдан кем уақытты құрайтын, 29 жасқа дейінгі (қоса алғанда) жеке кәсіпкер (жас шамасы ісін жаңа бастаған жеке кәсіпкердің банкке/лизингтік компанияға жүгінген күнге айқындалады, ісін жаңа бастаған кәсіпкер жұмыс істеп жатқан үлестес кәсіпкердің ағымдағы қызметінен ерекшеленетін жаңа қызмет түрін құрған жағдайда, оның ісін жаңа бастаған/істеп жатқан кәсіпкерлермен үлестес болуына жол беріледі);
25) ісін жаңа бастаған кәсіпкер – жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелу мерзімі банкке/лизингтік компанияға кредит/лизинг шарты үшін жүгінген кезде үш жылдан кем уақытты құрайтын кәсіпкер (ісін жаңа бастаған кәсіпкер жұмыс істеп жатқан үлестес кәсіпкердің ағымдағы қызметінен ерекшеленетін жаңа қызмет түрін құрған жағдайда, оның ісін жаңа бастаған/істеп жатқан кәсіпкерлермен үлестес болуына жол беріледі);
26) ЭҚЖЖ (бұдан әрі – Бағдарлама шеңберінде экономиканың басым секторлары) – Бағдарламаға 2-қосымшаға сәйкес экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне сәйкес экономиканың басым секторлары;
27) электрондық өтінім – мемлекеттік қолдауды алуға арналған өтініш, онда ақпарат электрондық-цифрлық нысанда берілген және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған;
28) электрондық құжаттар топтамасы – өтініш берушінің немесе осы құжатты куәландыру өкілеттіктеріне ие адамның не мемлекеттік қызметті алушының өзі болған кезде берген жазбаша келісімі негізінде кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының уәкілетті жұмыскерінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған, электрондық-цифрлық нысанда түпнұсқа құжаттың түрін және ақпаратын (деректерін) толығымен көрсететін құжаттар.