Бүгінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жаңа АЭА және ИА құру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Өткен жылы Түркияның ірі ұйымдасқан өнеркәсіптік аймағы Gebze (GOSB) мен "Ақтөбе" ӘКК басшылығы бірлескен индустриялық аймақ құру туралы меморандумға қол қойды. Қазір жобаны жүзеге асыру мақсатында заңнамалық актілерге ("Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы", "Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", "Техникалық реттеу туралы", "Рұқсаттар және хабарламалар туралы", "Стандарттау туралы") тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігі пысықталуда. Түзетулер ерекше индустриялық аймақ ұғымын енгізуді және ерекше индустриялық аймақ аумағында халықаралық стандарттарды қолдану, жобалау және құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде шетел мемлекеттерінің стандарттарын пайдалану мүмкіндігін көздейді. GOSB моделі бойынша индустриялық парк салу кадрларды оқыту және олардың біліктілігін арттыру үшін техникалық училищелер құруды мақсат етеді. Оған қоса логистикалық компаниялар да кіреді. Индустриялық парк пен шығарылатын өнім көлемі неғұрлым көп болса, мұндай компаниялардың қызығушылығы да арта түседі. Осылайша аймақта жаңа жұмыс орындары ашылып, бюджетке бағытталатын түсімдер әлеуметтік салаға оң әсерін тигізеді. Келесі ірі жобалардың бірі "Байқоңыр" кешенінің аумағы мен Төретам және Ақай елді мекендерінде "Байқоңыр" АЭА құру болып табылады. Осы бастаманы іске асыру үшін Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы үкіметаралық келісімнің жобасы әзірленді. Жобаның негізгі мақсаты индустриялық-инновациялық, оның ішінде ғарыш қызметі саласындағы әлеуетті дамыту. Сондай-ақ қолайлы инвестициялық орта құру, отандық және шетелдік инвестициялар мен қазіргі заманғы технологиялар трансфертін тарту, жұмыспен қамту, халықтың өмір сүру деңгейін және қазақстандық және ресейлік мамандардың біліктілігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру, ғарыш және көлік-логистикалық қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Бұдан басқа, халықаралық туризмді дамытуға ерекше назар аударылатын болады, қалада халықаралық стандарттарға сәйкес келетін қонақ үйлер, мұражайлар, павильондар, ғарыштық зымырандардың ұшуын бақылау үшін арнайы алаңдар салынады.
Сонымен қатар, Шымкент қаласында "SHYMKENTCITY"АЭА құру жоспарланып отыр. АЭА режимі тек құрылыс саласында жүргізіледі және 2030 жылға дейін қызмет етеді. Осы аралықта шағын аудандағы барлық құрылыс жұмыстарын аяқтау көзделіп отыр. Жаңа арнайы экономикалық аймақты құру құрылыс компаниялары үшін үлкен қолдау болмақ, шағын аудан салу қарқынын жеделдетеді, инвестиция көлемін арттырады. Қазіргі уақытта бюджет шығындарын есептеу пысықталуда және "SHYMKENTCITY"АЭА құру туралы" ҚР Үкіметі қаулысының жобасы әзірленді. Айта кету керек, ағымдағы жылдың басынан бастап арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту мақсатында бірнеше нормативтік - құқықтық актілер әзірленіп, бекітілді. Мысалы, ҚР Үкіметінің Қаулысымен "Ақтау теңіз порты" АЭА аумағы 130 гектарға кеңейтілді,сондай-ақ демалыс пен ойын-сауықты ұйымдастыру бойынша қызмет түрлері толықтырылды. Бұдан басқа, көпбейінді аурухана салу үшін "Астана – Технополис" АЭА және"Qyzyljar" АЭА аумақтары кеңейтілді. Бұдан бөлек, "TURKISTAN" арнайы экономикалық аймағының қызмет түрлері кеңейтілді. Түркістан қаласының халықаралық әуежайын, оның ішінде әуеайлақ, аэровокзал және ұшу-қону жолақтарын жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес салу және пайдалануға беру, сондай-ақ әуежайлар мен әуе қозғалысын басқару; терминалдардың, әуежайлардың қызметі; әуеайлақтарда жерде қызмет көрсетумен байланысты қызмет қосылды.
|